Әйел және есірткі қылмысы

01 қыркүйек 2015 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Әйел қылмысы – бұл қоғамның мінез-құлқының, рухани жан-дүниесінің көрсеткіші, жалпы адамзаттық құндылықтарға деген қатынас. О бастан-ақ табиғат заңы бойынша «әйел» қауымының негізгі рөлі дүниеге бала әкеліп, оны тәрбиелеп, отбасында жылу мен жайлылықты сақтап отыру, ал бұл қоғамда тұрақтылық орнап, рухани байлықтың сақталуының маңызды шарттарының бірі.

Отбасы ошағының ұйытқысы, адамгершілік пен ізгіліктің, нәзіктік пен мейірімділіктің үлгісі саналатын әйелдер кей кездері ауыр қылмыс жасап, сол әрекетімен халықтың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына зиян тигізіп, рухани дүниесін күл талқан етіп жатады.

2015 жылдың 1-жартыжылдығының өзінде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласында аса ауыр қылмыс жасаған 9 әйелді ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырды.

Аталған қылмыстарды талдау нәтижесі көрсеткендей, сотталғандардың көбісі 27-ден 47-ге дейінгі жастағы, орта немесе арнайы орта білімі бар әйелдер.

Көп жағдайда олар еш жерде жұмыс істемеген, оқымаған, пайдалы іспен айналыспаған болып шығады. Сотталған 9 әйелдің ішінде 1-уі ғана жеке кәсіпкер болған.

Сотталғандардың ішінде 3 әйел тұрмыс құрған, 3-уінде кәмелетке толмаған балалары бар, ал 2 әйел балаларын өздері асырап отырған.

Өкінішке орай, есірткі қылмысымен қайтадан айлалысқандар да бар, атап айтсақ 9 әйелдің 3-уі бұған дейін істі болған.

Қылмыстық істерді қараудың нәтижесі бойынша жоғарыда аталған сот 1 әйелдің іс-әрекетін қылмыстың ауырлығы жеңілірек түріне қайта саралап, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, ал қалған 8 әйел 10 және одан көп мерзімге бас бостандығынан айрылды.

Сонымен қатар, сот сараптамасының нәтижесіне сәйкес, есірткіге тәуелді және емделуі тиіс деп танылған 4 әйелге қатысты медициналық сипатта мәжбүрлеу шараларын тағайындады.

Көбіне пайдакүнемдік, өзінің әрекетіне жауапсыздықпен, жеңіл-желпі қарау, есірткіге тәуелділік қылмыс жасауға түрткі болған.

Осылайша, 2015 жылдың қаңтарында Астана қаласының тұрғыны А.Абт. есімді азаматша ТК қатаң режимде жаза өтеумен 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды. Сот қылмыстың екінші қайтара жасалғанын анықтап, сондай-ақ қылмыскердің ауыратынын ескеріп, есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеуді тағайындады.

Айта кетер жайт, А.Абт. азаматша 2000 жылы аса ауыр есірткі қылмыс жасағаны үшін 10 жылға сотталған болатын, кейін жоғары тұрған сот ҚР ҚК 55-бабы бойынша осы баптың санкциясымен көзделген анағұрлым жеңілірек жаза түрін таңдап, мерзімді 5 жылға азайтты. 2003 жылы мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған А.Абт. қылмыстық әрекетін тоқтатпай, 2004 жылы тағы да аса ауыр есірткі қылмыс жасағаны үшін 10 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылады. 2010 жылы мемлекет оған түзелу үшін тағы бір мүмкіндік беріп, 3 жыл 18 күнге мерзімнен бұрын шартты түрде босатады, алайда А.Абт. жасаған қателіктерінен сабақ алмай, қылмыс жасауды жалғастыра береді. Сөйтіп, 11.12.2014 жылы ЖІШ кезінде полиция қызметкерлері А.Абт. есімді азаматшаның Жұбанов көшесі, 6 үй, 96 пәтерде аса ірі көлемде героин сатқанын анықтап, ұстайды.

Әйелдің есірткі қылмысымен айналысуының ең жаман тұсы – әйел заты өзінің аналық  міндеттерінен ұмытады, салауатты қоғамнан алшақтайды, отбасын құрып, бала туып, бақытты өмір сүрудің орнына олар есірткі саудасымен айналысып, нашақорлар ортасымен араласады.

Күллі адамзат үшін нәзіктік пен жан жылуының символы, бала сүйгіш ана, адал жар кейпінде тұратын әйел баласының жүздеген, тіпті мыңдаған жастың өмірін құртып, жан қиналысының себепкері болуы жан түршігерлік жайт екені сөзсіз.

10-Басқарманың аға прокуроры    С. Рыспаева 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу