Астана қаласы «Есіл» ауданының прокуратурасымен Астана қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі Департаментінің «Есіл» ауданының пробация қызметінде тексеріс жүргізілді.

23 тамыз 2016 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Астана қаласы «Есіл» ауданының прокуратурасы Астана қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментімен «Есіл» аудандық пробация қызметінің (әрі қарай – Пробация қызметі) 2016 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстың заңдылығына тексеріс жүргізді.

2016 жылдың 1-ші жарты жылдығында Пробация қызметінің арнайы есебінде 181 сотталғандар тұр, олардың ішінде есепке: белгiлi бiр лауазымнан немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жаза бойынша – 15 сотталған; қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза бойынша – 3 сотталған; бас бостандығын шектеу түріндегі жаза бойынша – 81 сотталған; шартты түрде сотталғандар – 73; жазаны өтеуді кейінге қалдыру бойынша – 9 сотталғандар алынған.

Тексеру барысында Пробация қызметі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің және осы кодекстің негізінде бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын, сондай-ақ ведомствалық нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзғаны анықталды.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің (әрі қарай – Кодекс) 66 бабына сәйкес,  бас бостандығын шектеу түрiндегi жазасын өтеп жүрген сотталған адам, пробация қызметін хабардар етпей әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге кетпеуге міндетті.

Алайда, құқық қорғау және арнайы органдарының ақпарат алмасу жүйесімен сотталғандарды тексеру барысында, сотталған «Д» 2016 жылғы

4-ші маусымда, Астана қаласынан Жамбыл облысығ, Шу ауданының станциясына теміржолмен барғаны анықталды. Осы заң талабын бұзған сотталған «Д»-ға қатысты Пробация қызметі, сотталғанға бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін сотталған адамға бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы жазбаша ескерту түрінде жазаланбаған, керісінше жауапкершіліктен саналы түрде жалтаруына жол берген.

Сондай-ақ, сотталғандардың тұрғылықты мекен - жайлары бойынша, Пробация қызметімен бақылау тексеріс жұмыстары мүлдем жүргізілмегендігі, прокурорлық ішінара жүргізілген қарсы тексеріс барысында анықталды.

Анықталғандай, Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының үкіміне сәйкес, бас бостандығына шектеу түріндегі жазаға сотталғандар «Л» мен «М», оқудан және жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерін тастап кетпеуге міндеттелген.

2016 жылғы 31-ші шілдеде, 00.10-00.53 сағат аралығында прокурорлық тексеріс барысында, сотталғандар «Л» мен «М» өздеріне қатысты сот үкімімен тыйым салынған уақытта, тұрғылықты мекен-жайлары бойынша болмағаны анықталып, осыған байланысты прокуратура қызметкерлерімен тиісті акт жасалып, сол жерде аудан прокурорының атына түсініктеме алынды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы 23.11.2014 жылғы №1131 бекітілген «Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысының (әрі қарай – Қаулы) талабына сәйкес, Пробация қызметінің қызметкері есепке қойғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде адамның жеке басы мен өмір жағдайын зерделеу нәтижелері бойынша жеке бағдарлама жасайды деп нақты көрсетілген.

Бұл орайда, Пробация қызметі жоғарыда аталған Қаулының талаптарын сақтамай, оны керісінше саналы түрде өрескел бұзылуына жол берген.

Атап айтқанда, Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған «М», есепке 04.05.2016 жылы қойылған, алайда сотталған «М»-нің  жеке басына қатысты әлеуметтік-құқықтық бағдарламасы 14.05.2016 жылы аптаның «сенбісі» күні, яғни формальды түрде жасалынған.

Осыған ұқсас заңбұзушылық деректері, басқа да сотталғандардың бақылау істерінде анықталды.

Осы және басқа да заңбұзушылық деректері бойынша Астана қаласы «Есіл» ауданының прокуратурасы Астана қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді.

 

 

Астана қаласы «Есіл» ауданының

прокуратурасының бөлім прокуроры,

1-ші сыныпты заңгер

Б. Абдрахим

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу